ТЕЛЕКАНАЛ ЖӨНІНДЕ
«Асыл арна» студиясы Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының, Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің және басқа да құзырлы органдардың тікелей қолдауымен 2007 жылы қыркүйек айында құрылды. «Асыл арна» телестудиясы 2008 жылы маусым айында ҚР Мәдениет және Информация Министрлігінің Информация және Мұрағат Комитетінде Бұқаралық ақпарат құралы (БАҚ) ретінде тіркелді (куәлік № 9467 – Э).
Бастапқы кезеңде телеканал өз өнімдерін «Alma TV», «Секателл», «Digital TV», «ICON» секілді кабельді жүйелер арқылы Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағына таратады.
Болашақта көрсетілімдерді Қазақстан республикасының барлық аумағына және аймақтарға тарату жоспарланған. Хабарлар екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Таратылу уақыты: тәулік бойына.
ТЕЛЕКАНАЛДЫ АШУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ
Исламның ақиқи қағидаларын насихатау және Қазақстан мұсылмандарының береке-бірлігін арттыру мақсатында, өз жұмысын Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасымен, Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Дін істері жөніндегі комитетімен және басқа да құзырлы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып жүргізетін Ислам рухани-ағарту каналын ашудың қажеттілігі туды.
ТЕЛЕКАНАЛ МИССИЯСЫ
Бейбітшілік пен төзімділіктің, мейірім мен бірқұдайшыл сенімнің діні ретінде Исламның ақиқи қағидаттарын көрермендерге жеткізу. Ұлттық және адамзатқа ортақ адамгершілік құндылықтарды, мұсылмандық ұстындарға сүйенген моральдық негіздерді насихаттау.
ІС-ӘРЕКЕТ ҰСТЫНДАРЫ
Көпұлтты және көпконфессиялы қоғам ретінде Қазақстан халықтарының ұлттық дәстүрлері мен мәдени өзгешеліктерін құрметтеу; елдегі әлеуметтік, саяси және қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолында Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасымен, Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Дін істері жөніндегі комитетімен және басқа да мемлекеттік құзырлы органдармен және қоғамдық ұйымдармен қоян-қолтық араласа, бірлесе отырып әрекет ету; Исламға шақыру ісінде Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сүннеті және дәстүрлі ханафи мәзхабы негізінде қалыптасқан жұмсақ әрі икемді тәсілдерді қолдану; діни нормаларды түсіндіруде орта жолды ұстану; шынайылық пен адалдық, сенімді көздерді пайдалану; конфессияаралық толеранттылық, жекелеген адамдар мен топтардың құқықтарын, діни және ұлттық сезімдерін, қадірі мен абырой-қасиетін құрметтеу; ҚР заңдарына толық бағыну және мемлекеттік саясат ұстындары мен ҚМДБ ресми бағытына сәйкес жұмыс істеу.
































